Қызылорда облысында қылмыстық іс аясында мемлекет меншігіне өткен екі ит электронды аукцион арқылы сатылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
"Жалағаш аудандық экономика және қаржы бөлімі Лайка мен Байқасқа есімді екі тұқымсыз иттің әрқайсысын 1 245 теңгеге бағалаған. Бастапқы құны бар болғаны 2 490 теңге болғанымен, аукцион қорытындысында жануарлар 7 470 теңгеге сатылды", – делінген дереккөзде.
Иттердің мемлекет меншігіне өтуіне қылмыстық іс себеп болған. Жалағаш аудандық соты оларды алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс бойынша "қылмыс құралы" деп танып, тәркілеу туралы шешім шығарған.
Тергеу материалдарына сәйкес, іс фигуранты жануарларды өз қарауында қолхат негізінде ұстаған. Сот шешімінен кейін иттер мемлекет меншігіне өтіп, кейін аукционға "жылжымалы мүлік" ретінде шығарылған.