Қызылорда облысының аумағында жүк пойызының 16 вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
12 қарашада сағат 23:40 шамасында Қызылорда облысы бойынша төтенше жағдай департаментінің кезекші қызметкерінен Қазалы-Арал бағытындағы Арал ауданына қарасты "Қамыстыбас-Шөміш" аумағының 2426 шақырымында ПК-7 П-1273 жүк пойызы рельстен шыққаны туралы хабарландыру түскен, апаттың себебі анықталып жатыр.
ТЖД мәліметіне сәйкес, машинист Б.Баймаханов басқарған ТЭЗЗА-0137 тепловозы тежегіш магистралінде қысым төмендеуіне байланысты сағатына 73 шақырым жылдамдықпен келе жатқан бойда сағат 23.05 жедел тоқтау жасаған.
Пойыз құрамын қарау барысында бас жағындағы 6-21 вагондары рельстен шыққаны анықталды (құрамында 45 вагоны бар жүк пойызының 16 вагоны аударылған, жүгі анықталуда). Адам шығыны жоқ. Қазіргі таңда оқиға орнында "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ апатты-құтқарушы қызметтерінің 70 қызметкері (оның ішінде 2 қалпына келтіру пойызы), ТЖД, сондай-ақ, Арал және Қазалы аудандары әкімдіктері мен облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының 25 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Оқиға салдарынан 3 жолаушы пойызы тоқтап тұр, атап айтқанда: Қазалы стансасында № 481 "Ташкент-Самара" пойызы; Арал теңізі стансасында № 378 "Маңғышлақ-Алматы" пойызы; Сексеуіл стансасында № 618 "Қызылорда-Астана" пойызы.
"Алматы-Маңғышлақ" жолаушы пойызында 723 адам, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 39 бала, "Қызылорда-Астана" пойызында 191 адам, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 40 бала, "Ташкент-Самара" пойызында 183 жолаушы, оның ішінде 13 бала бар. Адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ, жергілікті полиция қызметінің күшімен 3 пойыз жолаушыларының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
"Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан келесідей шаралар қабылданды: рельсте жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, жолаушы пойыздары Арал және Қазалы стансаларында тоқтап тұр. Жолаушыларға қажетті көмек көрсетілуде. Ол үшін жергілікті кәсіпкерлер жұмылдырылған. Пойыз ішіндегі ауа райын сақтауға қажетті қатты отын қоры жасақталды. Зардап шеккен жолаушылар жоқ. Дегенмен өрт сөндіру техникасы мен жедел жәрдем көлігі арнайы кезекшілікке қойылды. Сонымен қатар, жақын маңдағы елді мекендердегі медициналық бекеттер қажет болған жағдайда адамдарды қабылдауға дайын", - деп мәлімдеді облыстық жұмылдыру дайындығы басқарма басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.