Қызылорда облысындағы орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы 30-ақ пайызды құрайды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Салаға қатысты осы және өзге де мәселелер төтенше жағдайлардың алдын-алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысында қаралды.
Аймақта жыл басынан бері жалпы көлемі 37 гектарды құрайтын 7 дала өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есеге аз. Дегенмен, мамандар облыстағы орман шаруашылығы мекемелерінде тілсіз жауды дер кезінде анықтау және ауыздықтауға арналған қажетті техникалар жетіспейді деп дабыл қағуда. Атап айтсақ, 15 өрт мұнарасы, 312 дана байланыс құралы, 4 өрт сөндіру техникасы және 12 мотопомпа қажет.
"Жалпы материалдық-техникалық жабдықталу дәрежесі 30 процентті құрайды. Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданындағы өрт сөндіру автокөліктерінің жағдайлары өте төмен. Техникалар ескірген. Өрт сөндіру кезінде техникалардағы ақаулықтар кесірінен созылмалы өртке ұласқан жағдайлар орын алуда. Мәселен, былтырғы Пригородный орман шаруашылығындағы өрт үш күнге созылды. Ал Арал мен Сырдария аудандарындағы орман шаруашылығы мекемелерінде өрт сөндіретін автокөліктер мүлдем жоқ. Бұл дегеніміз орман шаруашылығы саласындағы мемлекеттік мекемелердің орман өрттерін өшіруге әлсіздігі мен дайын еместігін көрсетеді", - деді облыстық ТЖД бастығы Руслан Қайрақбаев.
Тағы бір мәселе, шалғайда орналасқан елді мекендерде өртті дер кезінде ауыздықтау үшін 22 өрт сөндіру бекеті құрылған. Бірақ бұл бекеттердің 95 пайызы талапқа сай емес. Атап айтсақ, бірінші кезекте электр энергиясымен, жылумен, сумен және өрт сөндіру көлігіне арналған ғимаратпен және телефон байланысымен қамтамасыз етілмеген. Облыс әкімі сондықтан жауапты сала басшыларына бұл мәселені тезірек қолға алуды тапсырды.
Нұрбек Дәуренбеков