Қызылорда облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарудың 490 дерегі анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлім етті.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірде жыл басынан бері 7 жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген.
Анықталған құқық бұзушылықтардың 341-і бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Заңға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін көлік басқару құқығынан 7 жылға айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан қайтадан мас күйінде рөлге отырған 20 адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалып, көліктері айып тұрағына қойылды.
Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, мас күйінде көлік басқармауға шақырды.