Қызылорда облысындағы су айдындарына 15 миллионға жуық шабақ жіберілді

993

Қызылорда облысындағы су айдындарына 15 миллионға жуық шабақ жіберілді

Қызылорда облысындағы "Қамыстыбас" балық тұқымбағы 14 млн 800 мың дана шабақты өңірдің су айдындарына жіберді, деп хабарлайды 24.kz.

Жаз бойы күтіммен өсірілген балықтар Арал теңізі мен көл жүйесінің экоқорын молайтып келеді. Соңғы жылдары "Қамыстыбас" балық тұқымбағының қуаттылығы 5 есе артып, жылына дайындалатын шабақ саны 15 млн-ға жеткен. Бұл тек аймақ бойынша ғана емес, өзге өңірлердің де су айдынын балықтандыруға жеткілікті. Арал ауданындағы Қосжар мен Тастақ ауылдарындағы иірімді арналар балық қорын көбейтуге қолайлы орын. Сондықтан осы жердегі 224 гектарлық аумаққа теңіздегі тіршіліктің түлеуіне тірек болған 34 су тоғаны шоғырланған. Сол тоғандардан сүзілген балық саны мен салмағына дейін өлшеуден өткізіледі.
Арал теңізінің тірілуі тіршіліктің түлеуіне түрткі болды. Бұған Қосжар, Тастақ ауылдарында жұмыссыз жанның болмауы дәлел. Жүз шақты түтін қоныстанған Қосжар елді мекенінің 150-ге жуық тұрғыны қысы-жазы осы тұқымбақта тер төгеді. Шүпірлеген майда шабақты ерекше мәпелейтін мамандар жыл бойғы жұмысының нәтижесін қорытындылайтын сәт туды.
Арал теңізінің тұз татыған суына камбала балығы шыдас беретін. Ал қазір ашық айдыннан су маржанының жиырма шақты түрі ауланады. Теңіздің ихтиофаунасы жақсаруына орай "Қамыстыбас" тұқымбағы енді бекіретұқымдас қаяз және пілмай балықтарын өсіруді қолға алмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу