Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға сотталды

1143

Қызылорда облысы әкімшілік орталығының  N2соты бүгін осы облыстың бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов пен оның төрт сыбайласына қатысты үкім шығарды.  Сотталушыларға Арыс қаласында болған оқ-дәрі жарылысынан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде жиналған қайырымдылық қаражатты жымқырған деген айып тағылды, – деп хабарлады еліміздің Антикоррупциялық қызметі.   

Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов 7 жылға сотталды

"Сот үкімімен олар алаяқтық, ұйымдасқан топпен аса ірі көлемде қаржы жымқырған деген айыппен (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлімінің 2-тармағы) кінәлі деп танылып, Қ.Ысқақов – 7 жылға, оның орынбасарлары М.Имандосов мен М.Ділмұханов 6 жылға бас бостандығынан айырылды", – делінген хабарламада. 

Бұған қоса, облыстың бұрынғы әкімінің туысы А.Досмаилов мен оның сенімді өкілі Ж.Искаковты да әрқайсысын бес жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққан.  

Сотталушылар жазасын орташа қауіпсіз колонияда өтейді және олар өмір бойына мемлекеттік қызметті атқару құқығынан айырылды.

Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасы жарылған кезде елге көмек көрсету мақсатында құрылған "Сыр мейірімі" қоғамдық әлеуметтік қорына  Қызылорда облысының мемлекеттік қызметкерлері де бір күндік жалақысын аударған болатын. Бұл қаражат Арыс қаласын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсалуға тиіс-тін. Бірақ облыстың бұрынғы әкімі сыбайластарымен бірге қордың есеп шотына түскен ақшаны қолды қылған.  

        Осы іс бойынша бас-аяғы 10 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.   "Жоғарыда аты аталған бес сотталушыдан өзге, бұл қылмысқа бес кәсіпкер және Қызылорда облысы құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы да араласқан. Бірақ олар жасаған ісін мойындап, шынайы өкінуіне байланысты қылмыстық тергеу жұмыстары тоқтатылды, деп атап өтті ведомство.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 24 маусымында ҚР Қорғаныс министрлігі №44856 әскери бөлімінің қоймасында болған өрттен оқ-жарақтар жарылған еді. Бұл өңірде төтенше жағдай жарияланып, 45 мыңдай адам қауіпсіз жерге көшірілген болатын. Төтенше жағдай кезінде қаладағы ғимараттардың 90%-ы қирады. Бірнеше айдың ішінде қала қайтадан қалпына келді, Арысты аяғынан тұрғызуға және ондағы тұрғындарға бүкіл ел болып көмек қолын созған еді.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу