Қызылорда өңірінде 113 елдімекен қолайсыз аумақ ретінде есепке алынды

953

Облыс конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. 

Қызылорда өңірінде 113 елдімекен қолайсыз аумақ ретінде есепке алынды

Қызылорда облысында соңғы күндері жергілікті тұрғындарды кенелердің белсенділігі алаңдатып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Айта кетейік, өңір конго-қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл облыста оған байланысты 113 елдімекен қолайсыз аумақ ретінде есепке алынды.

Мұндай елдімекендердің басым көпшілігі Жалағаш және Арал аудандарында орналасқан. Қазір эпидмаусымның басталуы байқалады. Соған орай қолайсыз елдімекендерде мамандар тарапынан аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы профиактикалық шаралар да жүзеге асырылуда.

"Энтомолог мамандардан тұратын 3 арнайы жұмысшы топ құрылған. Мамандар елдімекендерде зоологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жұмыс барысында 2163 кене жиналып, 226 сынама зерттелді. Әзірге конго-қырым геморрагиялық қызбасына байланысты оң нәтиже анықталған жоқ. Дегенмен, кенелердің ересек және нимфа (жас) түрлері табиғатқа белсенді шыға бастағаны белгілі болды. Жыл басынан бері кене шағумен медициналық көмекке 2 адам жүгінген", - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның хабаралуынша, жыл сайын барлық қолайсыз елдімекендерде санитариялық-қорғаныш аймақтарын құру үшін кенеге қарсы өңдеу шаралары жүзеге асырылады. Биыл залалсыздандыру жұмыстары 42,85 шаршы шақырым жер көлеміне жүргізіледі. Алғашқы кезеңі сәуір мен маусым аралығында басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу