Қызылорда өңірінде 20-ға жуық тойхана қызметін басқа бағытқа ауыстырған

2254

Аралда - 4, Қазалыда - 5, Қармақшыда - 6, Қызылордада - 3 тойхана қызметін басқа бағытқа ауыстырды.

Қызылорда өңірінде 20-ға жуық тойхана қызметін басқа бағытқа ауыстырған

Әлемде жайлаған пандемияға байланысты былтырдан бастап тойханалар қызметіне шектеу қойылғаны белгілі. Осыған орай кәсіпкерлер бос тұрған ғимараттарын басқа мақсатта пайдалануға көшті. Яғни мейрамханалардың дені қоғамдық тамақтану, супермаркет және сауда орталығы болып жұмыс жасауда.

Облыс бойынша бүгінде 20-ға жуық тойхана қызметін басқа бағытқа ауыстырған. Солардың бірі Арал ауданындағы "Ханшатыр" мейрамханасы. Асадбек Кураганов кәсібі тоқтап тұрған тойхананы жалға алып, үстінгі қабатынан сауда нүктесін ашты, ал бірінші қабаты қоғамдық тамақтану орталығы ретінде халыққа қызмет көрсетуде. Бұнда әзірге 20 адам жұмыс істейді.

"Тауарлар тікелей Алматы, Бішкек, Қытайдан келеді. Арзандау әрі қолжетімді бағада. Алдағы уақытта Қазалыдан ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жақтан үлкен ғимаратты жалға алып қойдық", – деді сауда орталығының әкімшісі А.Кураганов.

Аралда сондақ-ақ "Ақниет", "Алмас" тойханалары да сауда орталығы ретінде іске қосылды. Кент тұрғыны Гүлсім Жүсіпова бос тұрған мейрамхана ғимараттары оқу орталығы немесе ет, сүт өнімдерін қабылдайтын орын ретінде ашылса жақсы болар еді, дейді. Себебі ауылдан келетін ағайын айран, сүтін сату үшін далада, күннің астында тұруға мәжбүр.

"Аралда түйенің шұбаты, жылқының қымызы, сиырдың сүті мен құрт, ірімшігі бар. Халық апарып өткізетін зауыт немесе кәсіпорын салса деген тілек. Кафелердің орнына оқушыларға арнап мамандыққа баулитын оқу орталығы ашылса халыққа пайдасы мол болмақ", – деді Гүлсім Жүсіпова.

Карантин кезінде қоғамдық тамақтану орындары мен фаст-фуд өнімдеріне сұраныс артқан. Жеке кәсіпкер Еркін Реймов сол себепті өз қаржысы есебінен тамақтану орталығын ашуды жөн санапты. Соңғы үлгідегі дизайнмен жабдықталған кафе жайлы әрі тағамдары дәмді. Сондықтан мұнда тұтынушылар жиі келеді. Тіпті теңізді өлкеге сапарлап келген туристерде осы жерде тамақтанады екен.

 "Тамақтары өте керемет. Биз чикен, шашлық пен куксиге заказ бердік. Дәмі бізге ұнады" - дейді шведтік саяхатшы қыз Романе Шавауд.

Көршілес Қазалы ауданындағы "Рау Илья", "Алатау", "Орда", "Айғасыр" тойханалары да карантинге байланысты қызметін өзгерткен. Мәселен Асылгүл Аманжолова орталықтағы бос тұрған ғимараттың бірін жалға алып, әлеуметтік дүкен ашқан. Сауда орталығында ерлер мен әйелдерге арналған киімдердің барлық түрі бар. Бастысы бағасы қалтаға қонымды.

 "Павлодар облысынан келіп отырмыз. Жергілікті халыққа алғысымызды білдіру үшін дүкеннің атын "Алғыс" деп қойдық. Жаңа туған нәрестеден бастап барлық жасқа арналған киімдер бар. Халықтың игілігі үшін аштық. Сондықтан бағаны өсірмедік. Қазір пандемияға байланысты көбісі жұмыссыз қалды, осы себепті әлеуметтік, арзан дүкен ашайық деп шештік", - деді кәсіпкер А.Аманжолова.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мейрамхана, тойхана қызметін басқа салаға ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалар көмегімен және "Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығымен" қолдау көрсетуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

""Бизнестің жол картасы-2025", "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы арқылы Аралда - 4, Қазалыда - 5, Қармақшыда - 6, Қызылордада - 3 тойхана қызметін басқа бағытқа ауыстырды. Біз кәсіпкерлерге әрқашан қолдау көрсетуге дайынбыз", - деді басқарманың бөлім басшысы Нұрлан Шырынбеков.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу