Қызылорда облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 26 жастағы пәтер ұрысын ұстады. Түркістан облысының тұрғыны көршілес облыс орталығына қылмыстық әрекет жасау үшін келді. Бұл туралы inbusiness.kz сайты polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ұры Жаңақорған ауданында кезекті пәтер ұрлығын жасау кезінде қолға түсті. Күдікті үй иелерінің жоқтығын қолданып, пластик терезелерді күштеп ашу арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған.
Ұрлықты тұрақты кәсіпке айналдырған азамат Түркістан облысы Қазығұрт ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Тергеу жұмыстарының барысында аталған күдікті өңірде 25 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге 19 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтіргендігі анықталды.
Қазіргі таңда, полицейлер пәтер ұрысының облыс көлемінде жасалған басқа да қылмысқа қатысты бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр. Сондай-ақ, күдікті қамауға алынды.