Қызылорда тұрғындарын жақында ғана пайдалануға берілген көпірдің жайы алаңдатып отыр

Көпір жеделсатысының есігі шағылып, іші қоқысқа толып қалған.

Қызылорда тұрғындарын жақында ғана пайдалануға берілген көпірдің жайы алаңдатып отыр Фото: inbusiness.kz

Қызылордада Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ашылған жаяу жүргіншілер көпірі вандализмге ұшыраған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ғ.Мұратбаев және Яссауи көшелерінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер көпірі салынардың алдында да біршама талқы болған-ды.

Жалпы, жаяу жүргіншілер көпіріне бюджеттен 268,1 миллион теңге жұмсалған. Арнайы лифт жүйесі де бар. 

- Шыны керек, көпір салынады дегенді естігенде қатты қуандым. Осы теміржолды кесіп өтіп жүргеніме 2-3 жыл болып қалды. Бірақ, мен автокөлікке арналатын шығар деп ойлағам, бірақ тұрғындар өтетін көпір болса да ризамын. Адам қауіпсіздігі бірінші орында ғой. 

Бірақ, көпір жаяу жүргіншілер үшін қолайсыз көрінді. Әрине, пойыздың биіктігін, бәрін белгілі бір талаптарға байланысты істегені анық. Сонда да тым биік. Өйткені, әлі күнге дейін көпшілік теміржолды кесіп өтіп жүр.

Сосын тағы бір айта кетерлік жайт, көпірге камера қойылуы керек деп есептеймін. Себебі, кейбір тұрғындар тарапынан қоқыс тастау, бүлдіру секілді жайттарды көп байқаймын, - дейді Бауыржан есімді қала тұрғыны. 

Жергілікті тұрғындар әйнектің шығылуын вандализммен байланыстырады. Көпшілік бейнебақылау құрылғылары орнатылмаса, жағдайдың қайталана беретінін алға тартып отыр. 

Ел арасында екі мөлтек ауданды байланыстыратын көпір құрылысы басталмай тұрып "бұл жерге жаяу жүргіншілер емес, автокөлік өтетін көпір керек" деген пікір жиі-жиі айтылды. Олай деуге себеп, азанғы және кешкі уақыттарда көлік кептелісі қала тұрғындарын әжептәуір әбігерге салып жүр. 

Жергілікті билік осы жылы Қызылорда қаласында құны 4,7 миллиард теңге болатын Жанқожа батыр көшесі арқылы теміржол астынан өтетін автожол құрылысы басталатынын хабарлайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу