Қызылорда түрмесінде жазасын өтеушілер үйленді

841

Қызылорда облысындағы қылмыстық атқару саласына қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде жыл басынан бері 7 азамат өз сүйіктілерімен заңды некеге тұрған.

Қызылорда түрмесінде жазасын өтеушілер үйленді

Қызылордадағы №68 мекемесінде жазасын өтеп жүрген азамат қалыңдығымен некеге отырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

ҚАЖД мәліметінше, жас жұбайлар бостандықта жүргенде танысқан. Олар бір жылдан аса уақыт кездескен.

Сондай жұптардың бірі, 1993 жылы туылған Қызылорда қаласының тумасы Ермек өзінен екі жас кіші  Айгүл есімді сүйіктісімен заңды некеге тұрды. Екеуі де ҚР ҚК-нің 191-бабымен іс қозғалып, аталған мекемеде қамауда отыр. 

 Ермектің айтуы бойынша, екеуі бостандықта жүргенде танысқан.

"Біздің таныстығымыз бір жыл бұрын басталған. Міне, сол уақыттан бері біргеміз. Ойланбай жасаған қадамымыздың кесірінен бүгінде қамауда отырмыз. Оңай олжа орға жықты. Өкінгенмен пайда жоқ. Одан да қарым – қатынасымызды заңдастыруды жөн көрдік. Заңды некеге тұрып, неке куәлігін алу махабатымызды беріктендіре түсті", – деді Ермек.

Жазасын өтеуші бұл ең бақытты күн екенін жеткізді.

"Сотталғандардың некеге тұруы, олардың жаза мерзімін өтеу барысындағы көңіл-күйлеріне ерекше әсер етеді. Неке күші олардың психикасына жақсы әсер етіп, көңіл-күйлерін көтеріп, мінез-құлқын өзгертеді. 

Жазасын өтеу кезінде тек, заңды некедегі әйеліне ғана ұзақ мерзімді кездесуге кіруге рұқсат берілген. Сол себепті сотталғандар тарапынан өтініш келіп түскенде бірден құжаттарын дайындап, АХАЖ бөліміне жіберіп отырамыз. Бүгін екі жас бір-бірін жұбайы ретінде дәлелдеп, қолдарына неке куәлігін алды. Бұл кішкентай құжаттың олар үшін маңызы зор.

Өйткені неке олардың одағын берік етіп, бостандыққа шығуға деген үмітін арттырады", – дейді мекеменің заңгері Асқар Мұратбек.

 Осылайша, екі жас неке куәлігін алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу