Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет ел өміріне қажетті аса маңызды инфрақұрылымды жаңғырту үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараларды қолға алды.
Су – тіршілік көзі екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Қазақстан жер көлемі жағынан ірі мемлекет болғанымен, елімізде су көздері аз, тіпті, тапшы деуге болады. Сондықтан халыққа сапалы ауыз су беру, экономика салаларын су ресурсымен қамтамасыз ету еліміздің алдында тұрған стратегиялық маңызы бар міндеттер саналады", – деді Президент.
Былтыр Кендірліде су тұшыту зауыты іске қосылды, соның арқасында Жаңаөзен қаласы тұрақты ауыз сумен қамтылды. Биыл күзде Шардара су құбыры жұмыс істей бастайды, яғни қаланың 30 мың тұрғынына таза ауыз су беріледі.
"Жалпы, мемлекет еліміздегі бүкіл су инфрақұрылымы жүйесін дамыту үшін нақты шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Көксарай су қоймасында жаңғырту жұмыстары басталды, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл облыстарында су қоймалары салынып жатыр. Ауыл шаруашылығына орасан зор пайда әкелетін осы жобалар келесі жылы аяқталып, ел кәдесіне жарай бастамақ.
Биыл су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары бойынша 220-дан астам жоба жүзеге асырылып жатыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.