Еуропа елдері әлдеқашан қолданысқа енгізген бұл әдісті Қазақстанда алғаш рет Қызылорда облысы жүзеге асырған. Полимер қоспасы бар асфальт жабындысын қытайлық мердігерлер де жаңашылдық деп бағалап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Елімізде жол құрылысы жылдан-жылға дамып, әлемдік талаптарға сай тың технологиялар енгізіліп келеді. Соның бірі – полимер қоспасы бар асфальт жабындысы. Бұл заманауи тәжірибе Еуропа мемлекеттерінде кеңінен қолданылады. Себебі, полимер қосылған асфальт кез келген климатқа төзімді әрі өте сапалы болады. Соған сәйкес, жолдың кепілдік мерзімі де ұзарады. Осыған орай, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" Қызылорда облыстық филиалы ғимаратында жол құрылыс материалдарын зерделейтін "UneedUs" компаниясының өкілдері тың әдіс-тәсілді аймағымызда кеңінен өндіріске енгізу бойынша сала мамандарымен талқылау өткізген болатын.
- Полимер асфальт бетон жабындысын бүкіл Еуропа елі әлдеқашан өндіріске енгізген. Өйткені, ол жақта жолдың сапасына қатты қарайды. Сондықтан, бұл жаңашылдықты біздің елде де кеңінен қолдануымыз керек. "UneedUs" – Германия елінің тәжірибесін Қазақстанға әкелген алғашқы отандық компания. Биыл "Қыран" ЖШС алғаш болып бұл тың әдісті қолданып, Астана даңғылына полимер асфальт төседі. Оны біздің мамандар тексерді, жолға тағылар мін жоқ. Енді осы озық технологияны келер жылы "Қызылорда – Жезқазған" автожолын салып жатқан мердігерлер жолдың беткі қабатына төсейтін болды, - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ҚОФ директоры Ерболат Көштаев.
"Қызылорда – Жезқазған" жолына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқан жергілікті және қытайлық мердігер мекемелер бұл жаңашылдыққа қызғушылық танытып, өндірісте қолдануға дайын отыр.