Қызылорда қаласындағы автобус паркін жаңа қоғамдық көліктермен толықтыру мәселесі қаржылық мүмкіндікке қарай шешіледі. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тілеуімбетов айтты, деп хабарлайды syrboyi.kz.
Бүгінгі күні қала ішінде 32 бағыт бойынша жолаушыларды 680 автобус тасымалдап жүр. Осыған дейін 120 қоғамдық көлік сатып алынды. Басқарма өкілі олардың қатарын толықтыру бюджеттің мүмкіндігіне байланысты екенін жеткізді.
Жиында сондай-ақ сапасы сын көтермейтін Қызылорда-Жезқазған жолының жайы да сөз болды.
"Екі аралықтағы жолдың 30 шақырымы ғана салынып, жұмыс тоқтап қалды. Мәселе үкімет деңгейінде көтеріліп, оны шешу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Жоспар бойынша жол құрылысы 2021-2022 жылдары жүргізілуге тиіс", – деді Мұрат Тілеуімбетов.
Ал облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің биыл 192 шақырымы жөнделеді. Қазалы ауданындағы "Әлсейіт", Қызылорда қаласындағы "Шіркейлі" көпірлері де осы жылы пайдалануға берілмек.