Қызылорда қаласының 30 жастағы тұрғыны дүкен жанында көлігін оталдырған күйі қалдырып, аз уақытқа сыртқа шығып кеткен.
Ер адам осы сәтті тиімді пайдаланған. Иесі қайтып оралғанда көлігінің жоқ екенін байқап, бірден полицияға жүгінген.
– Полиция жедел әрекет етті. Ұрлық туралы барлық патрульдік экипажға хабар беріліп, бейнебақылау камералары арқылы көліктің қала сыртына бағыт алғаны анықталды. Сырдария аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері көлікті тас жолда тоқтатып, 22 жастағы аудан тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның сол күні тағы бір автокөлікті ұрлағаны белгілі болды. Күдікті қамауға алынды, – делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
– Көлікті оталдырған күйде қараусыз қалдырмаңыздар. Бұл құқық бұзушылар үшін ыңғайлы сәтке айналуы мүмкін, – деп ескертті полиция.