Қызылордада 100-ден аса жылыжай қаңырап бос тұр

"Жылыжайлар қорымына" да 10 жылдан асты.  

Қызылордада 100-ден аса жылыжай қаңырап бос тұр

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жүдеу-жадауы шыққан кешенінің жағдайы жыл сайын жарияланып келеді. 

Уақытында 120 жылыжайды салуға миллиондаған теңге жұмсалған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

- "Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры" АҚ бастамасымен 2011-2012 жылдары қала төңірегінде (Қызылорда қаласы – автор) жалпы көлемі 10 га жерге 120 жылыжай салынған болатын. Жоба құны – 750 млн теңге.

Жылыжайлар салынып біткен жылы екі кәсіпкер жобаны лизингке алып жұмыс істеп көрген болатын, алайда қаржының жетіспеушілігіне байланысты жобаны қайтып Қорға өткізген, - деп хабарлаған болатын бұған дейін жауапты мекемелер.

Тұрғындар мұны нағыз ауаға ақша ұшқан жоба деп есептейді. Арасында "көрші мемлекеттерге жалға бергенде жағдай мүлдем басқаша болар еді" дейтіндер бар. 

- Егесіз қалған ғимараттар, нысандар барлық қалаларда бар сияқты. Бүгінгі таңда жылу, ыстық су, жылыжай мен монша жасау мәселелері, отын экономикасы және экономикалық, экологиялық, әлеуметтік тиімділіктер қоғамда шешілмеген. Осы бағытта әлі "ғылым" деген көзқарас-түсінік ұғымы жоқ. Сондықтан, барлық жерде осы бағытта сәтсіздіктер болып жатады, - дейді ашынған тұрғын. 

Ал Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 2012 жылы барлығы 120 бірлік жылыжай кешені салынған. Бір қызығы, бұл жылыжайларды салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінбепті. 

- Аталған жылыжайлар "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қор) есебінен салынып, жеке кәсіпкерлерге лизингке берген.
2021 жылғы желтоқсанда Қор "Аграрлық кредиттік корпорация" АҚ-ға (бұдан әрі – Корпорация) қосылу жолымен таратылып, яғни талап ету құқығы Корпорацияға өтті.

Бүгінгі таңда, Корпорация шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты берешекті өндіріп алу бойынша талап-арыз жұмыстарын жүргізуде.

Корпорация Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берешекті өндіріп алу және кейіннен лизинг нысанасын алып қою арқылы қаржы лизингі шартын бұзу туралы шешім қабылдады және талап арыз берді. Қазіргі уақытта сотта қаралуда, - дейді басқарманың ресми парақшасы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу