Қызылордалық дәрігерлер екі жасар баланың асқазанынан алтын білезік пен сырға алып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, әртүрлі ұсақ заттарды жұтқан балалардың ата-аналары ауруханаға жиі жүгінеді. Көбіне бұл - монеталар, тастар, магниттер немесе батареялар. Бірақ алтын зергерлік бұйымдарды жұтып қойған жағдай алғаш рет болып тұр.
"Баланы эндоскоппен қарадық. Асқазанынан бөгде зат табылды. Ол - алтын бұйымдар. Біз оларды алып тастадық", дейді облыстық көпсалалы балалар ауруханасының хирург-эндоскопист дәрігері Серік Нүсіпқожаев.
Жыл басынан бері облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері осындай 25-ке жуық ота жасаған. Дәрігерлер денеге бөгде заттың түсуінің белгілері суық тигендей болатынын ескертті.