Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтың Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғындарымен онлайн-кездесуінде белгілі болды. Іс-шарада мемлекет заңнамасындағы өзгерістер, Әділет органдарының қызметі, сонымен қатар сот орындаушыларының алимент өндіріп алуы туралы хабарланды.
Вице-министрдің айтуынша, Қызылорда облысында алимент бойынша 14 мыңнан астам іс бар.
"Осы жылдың 6 ай ішінде Қызылорда облысында алимент төлеу жөніндегі сот актілерін орындамағаны үшін 263 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 25 ұсыныс жіберілді. Ал 2 іс бойынша сот айыптау үкімін шығарды. Сонымен қатар, 1 500 борышкерге Қазақстан Республикасының аумағынан шығуға уақытша тыйым салынды", - деді Бекболат Молдабеков.
Сонымен қатар, іс-шара барысында Қызылорда облысының тұрғындары Digital Justice – Цифрлық Әділет жобасы аясында іске асырылған мобильді қосымшаларды белсенді пайдаланатыны белгілі болды.
Мәселен, Қызылорда облысының мыңнан астам тұрғыны мобильді қосымша арқылы некелерін тіркеді, үш мың туу туралы куәлік алды, 484-ке жуық ЖШС тіркеуге өтінім берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында "Digital Justice" жобалар портфелі іске асырылуда. "Цифрлық нотариат", "Е-заң көмегі", "Аттестаттау реинжинирингі", "е-атқарушылық іс жүргізу" және "Онлайн дауыс беру және МИБ тіркеу" жобалары жүзеге асырылады.
Қазіргі таңда мобильді қосымшаларда қолжетімді 32 қызмет, оның ішінде 28-і EgovMobile арқылы іске асырылды, 4 қызмет банктердің мобильді қосымшалары арқылы қолжетімді.