Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бюджет қаражатын жымқырған азаматшаның жолын кесіп отыр.
Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау бөлімінің бас маманы Д. есімді азаматша 2018-2024 жылдар аралығында қызмет бабын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп, жымқырған.
Сондай-ақ, ол қызметін атқара жүріп, өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерге сәйкес, қызметкерлердің айлық-табысын есептеу барысында үнемделген жолмен артылған қаражатты жымқырып, қасақана пайдакүнемдік мақсаттағы ниетін жүзеге асырған.
Салдарынан 24 700 000 теңгені бас пайдасына жұмсап, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген.
– Тергеп-тексеру барысында сотталушы кінәсін мойындап, оған сот үкімімен ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2)-тармағымен кінәлі деп танылып, 6 (алты) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейтін болады. Онан бөлек ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған баласы бар әйел ретінде жазасын орындау бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылып, пробациялық бақылау белгіленді, – деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті.