Қызылордада жеке үйлердің бірінде болған өрттен 3 жас бала көз жұмды. Бұл туралы ІІМ ТЖ комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сәрсенбі күні кешке өртке қарсы қызмет пультіне "Наурыз" учаскесіндегі жеке үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түскен.
"Өртке қарсы қызметтегілер келіп жеткенше туған-туыстары үйден 2011, 2012 және 2014 жылғы үш баланы алып шыққан. Иіс тиген балалар ауруханаға жеткізілгенімен, ес жимай көз жұмды", –делінген ақпаратта.
Кейінірек медициналық көмекке құтқарып, көмектесіп жүрген үйі өртенген отбасының туыстары да жүгінген, олар ауруханаға жатқызылды.
Комитеттің мәліметінше, өрт 15 шаршы метрге жайылған, жиһаз бен төбе жабындысы өртенген. Өрт сөндірушілер үйден 50 литрлік газ баллонын алып шығып үлгерген.