Қызылордада 30 озат малшыға бағалы сыйлықтар табысталды

942

Қызылордада 30 озат малшыға бағалы сыйлықтар табысталды

Қызылорда облысында соңғы 5 жылда салаға тартылған инвестиция 23 есеге ұлғайды. Бұл туралы өңірде өткен малшылар слетінде Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Өткен жылы "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы облыстық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл 1,3 млрд теңге қаржы қарастырылды. Облыста мал басы, өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты - 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 29,6%, жылқы – 50,4%, түйе саны – 52,5%-ға көбейіп отыр. Оның ішінде, соңғы 5 жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда ет өңдіру 2,7 есеге көбейсе, сүт өндірудің көлемі 1,6 есеге артып отыр.

Облыста "Сыбаға", "Алтын асық", "Құлан" бағдарламаларының аясында мал басы көбейіп, тұқым түрлендіру жұмыстары атқарылуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын репродукторлық шаруашылықтар құрылды. Тек соңғы 5 жылда 4,5 мың бас асыл тұқымды ірі қара, 36 мың бас қой сатып алынды, жылына 23 мың бас мүйізді ірі қара малын бордақылайтын алаң құрылыстары салынды.

Сондай-ақ, облыс әкімі мал шаруашылығын дамытуда шешімін күткен мәселелер (жем-шөп қорының жеткіліксіздігі, мал басының жеке сектордағы үлесінің басым болуы, жергілікті мал өнімділігінің төменділігі) де жеткілікті екенін атап өтті және оларды шешу мақсатында жайылымдық жерді барынша тиімді пайдаланып, ет, сүт, жүн, теріні терең өңдейтін жаңа технологияларды енгізу және жеке секторда отбасылық шағын тауарлы өндірістерді ұйымдастыру мен оларды ауыл шаруашылығы кооперативіне біріктіру жөнінде ұсыныс айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, ол бір жағынан, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға, екінші жағынан, ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген халықты тұрақты жұмыспен қамтуға тиімді мүмкіндік береді. 
Жыл сайын облыстық малшылар слетіне басқа өңірлерден қатысушылардың саны артып келе жатқанын ескере отырып, Қырымбек Көшербаев келесі жылы малшылар слетін республикалық деңгейде өткізуді ұсынды.

Дәстүр бойынша аймақтың агроөнеркәсіп кешенінің үздік қызметкерлері ҚР АШМ медальдары мен құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Республикалық ауылшаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіп одағының төрағасы Әбубәкір Сүлейменов үздіктерді марапаттап, жеткен жетістіктерімен құттықтады. Одан бөлек, 30 озат малшыға бағалы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында гала-концерт пен ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Анықтама үшін: Жем қорын қалыптастыру мақсатында да облыста егін шаруашылығын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, құрама жем өндіретін екі зауыт іске қосылды. Биылғы жылы халықаралық стандартарға сәйкес келетін "Сыр Маржаны" серіктестігінің ет комбинатының құрылысы басталмақшы. Ет, сүт шаруашылығын дамытумен қатар, облыста құс шаруашылығы да қолға алынуда.

Былтыр Шиелі ауданында алғашқы жұмыртқа өндіретін "Мөлдір и К" серіктестігінің құс фермасы іске қосылса, Қармақшы ауданында "Қармақшы құс" серіктестігінің 1500 тонна құс етін өндіретін фабрикасының құрылысы басталды. Сонымен қатар Қызылорда қаласында ет бағытындағы "Орда" шаруа қожалығының, жұмыртқа бағытындағы "Самұрық құс" серіктестігінің құс фермалары жұмыс істеп тұр.

Облыста мал шаруашылығын дамутыдың кластерлдік негізі қалыптастырылуда. Осы шаралар толық орындалғанда 2019 жылы мал шаруашылығының дамуы қалыпты өсіп, ет өндірісі 17%, сүт өндірісі 7%, жұмыртқа 65%, құс етін өндіру 69,9 есеге артады деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу