Қызылордада мәдениет саласындағы 40 қызметкерге баспана табысталды

2022 жылдан бері облыста 20 мәдениет нысаны жаңадан бой көтерді. 

Қызылордада мәдениет саласындағы 40 қызметкерге баспана табысталды Фото: canva.com

Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Сыр өңірінде мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

– Өңірде мәдениет саласында соңғы 3 жылда 21 мәдениет нысаны жаңадан бой көтерді. Оның 9-ы ауылдық клуб, 7-еуі "Руханият орталығы" және Анаға тағзым, Отбасы, Өнер орталықтары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі.

"Ауыл – ел бесігі" бағдарламасымен биыл 2 ауылдық клуб салынуда. Аудандағы "Руханият орталықтарында" музей, кітапхана, архив, неке қию залына, ардагерлер мен аналар кеңесіне, жастарға, этномәдени бірлестіктерге, үкіметтік емес ұйымдарға толық жабдықталған жұмыс кабинеттері ашылды, – деді Н.Нәлібаев.

Қызылорда қаласында "Отбасы орталығы", "Анаға тағзым" орталығы ашылған. Көпфункционалды мың орындық "Өнер орталығы" шығармашылық кештер, концерттер мен қоғамдық іс-шаралар өтетін орынға айналып үлгерді. 

Биыл Қызылорданың Қазақ АКСР астанасы болғанына 100 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай Сырдың сол жағалауынан 2 млрд 300 млн теңгеге облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимараты бой көтерген. 

– Ассамблеяның 30 жылдығы аясында Қызылорда қаласында "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК қолдауымен 3 млрд 800 млн теңгеге салынған "Достық үйінің" жаңа ғимараты жақын күндері қолданысқа беріледі.

Жаңадан симфониялық оркестр, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді, жыраулық дәстүр өкілдерінің отауы Жыраулар үйі ашылды, – деді облыс әкімі. 

Тағы бір қуанышты жаңалық, мәдениет саласының қызметкерлеріне арнайы көпқабатты тұрғын үй салынып, 40 пәтер табысталған. Сыр өңірінде мәдениет, өнер және әдебиет өкілдерін қолдау мақсатында "Тұран" сыйлығын жыл сайын табыстау дәстүрге айналған.
Бұған дейін Астана, Алматы қалаларында Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндері өткен болатын. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Абай, Шығыс Қазақстан облыстарына да өнер сапары ұйымдастырылған. 

Қызылорда облысының өнер майталмандары Наурыз мерекесін, еліміздің салт-дәстүрлерін халықаралық деңгейде, атап айтсақ, Испания, Финляндия, Эстония елдерінде насихаттап отыр. Мысалы, Ұлттық мереке – Республика күніне орай Швейцарияның бірнеше қаласында Қызылорданың мәдениет және өнер күндері өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу