Қызылордада 47 мың кәсіпкерлік нысанның жұмысы қайта жанданды

2631

Кәсіпкерлерге 6,5 млрд теңгеге жуық жеңілдік берілген

Қызылордада 47 мың кәсіпкерлік нысанның жұмысы қайта жанданды

Аймақта коронавируске орай күшейтілген шектеуге орай кәсіпкерлік нысандарының 42%-ы, жұмысшылардың 47%-ы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған еді. Карантин режимі жеңілдетіліп, кәсіпкерлік саласы кезең-кезеңімен жұмыстарына кірісті.  

"Төтенше жағдай уақытында отандық тауар өндірушілерді сертификациялау жұмыстары тоқтаған жоқ, осы кезеңде 316 сертификат берілді. Ал көктемгі дала жұмыстарына қаржы институттары "Кең Дала", "Агробизнес", "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары бойынша 62 несиеленушіге 1,4 млрд. теңге қаражат берді. Және ауыл шаруашылығы саласын субсидиялауға биылға 10,9 млрд. теңге қарастырылса, бүгінде 513 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2,9 млрд. теңге субсидия төленді", – деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы басшысы.

Үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында өңірде салық және кеден, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар 25 мыңға жуық субъектінің банк шоттарына қойылған шектеулер кері қайтарылса, жалға алынған мүліктер құнын кәсіпкерлерден 3 айға босату туралы 23,9 млн теңгеге қосымша 308 келісім жасалынған екен. Сонымен қатар ШОБ нысандарының банктер мен қаржы ұйымдарынан алған 1 990 несиесі үш айға шегерілген.

Бүгінгі күні күшейтілген санитарлық режимде 47 мыңға жуық кәсіпкерлік нысанында 90 мыңнан аса адам жұмысын қайта бастады.

Ал, Үкіметтік қаулылар негізінде облыста салықтар мен төлемдерден бизнес нысандары 6,5 млрд. теңге көлемінде жеңілдік алған.

Бұл жайында Кәсіпкерлер палатасының Facebook әлеуметтік желісінде кәсіпкерлер сауалына онлайн жауап берген Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновтан білдік.

Оның айтуынша, 20 наурыздан 31 желтоқсанға дейін, алаңы 2000 шаршы метрден кем емес 29 ірі сауда нысаны, 3 ойын-сауық орталығы, 2 театр, 2 көрме залы, 8 спорт құрылыс жайлары мүлікке салынатын салыққа "0" коэффициент мөлшерін қолданады. Сонымен қатар, 37 ауылшаруашылық өнімін өндірушілер жер салығынан босатылған. Сондай-ақ, 1 сәуір мен 1 қазан аралығында әуежай терминалы, 20 жеке практикамен айналысатын тұлға, 201 қоғамдық тамақтандырумен, 43 қонақүй қызметімен айналысатын кәсіпкерлер мүлік салығынан босатылған.

"Осы жеңілдіктерді қолдану арқылы бүгінгі таңда облыс кәсіпкерлері 119,7 млн. теңге мүлік, жер салықтарынан, мұнымен қоса 8427 шағын және орта бизнес өкілдері еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан, әлеуметтік төлемдерге қатысты жеңілдіктерді қолдану арқылы босатылды. Нәтижесінде бизнес өкілдері 1 млрд 79 млн теңге, әлеуметтік төлемдерден 1 млрд 853 млн теңге, 7 ірі кәсіпкерлік субъектілері еңбекақыдан ұсталатын салықтан 8,1 млн теңге, әлеуметтік төлемдерден  103,3 млн. теңге қаржысын үнемдеп отыр, - деді департамент өкілі.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу