Қызылорда облысында мүгедектігі бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірқатар заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс прокуратурасы жүргізген талдау барысында балаларды қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, кадрлық рәсімдер және мемлекеттік сатып алу салаларындағы заң талаптарының сақталмағанын анықтады.
Атап айтқанда, қолданыстағы қағидаларға сәйкес жамбас органдарының функциялары бұзылған мүгедектігі бар адамдарға тәулігіне 4 жөргек берілуі тиіс. Алайда орталықта балаларға күніне 2-3 данадан ғана жөргек берілген.
Прокурорлық қадағалау актісінің енгізілуінен кейін заң бұзушылықтар жойылып, 56 баланың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Жауапты лауазымды тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура мүгедектігі бар адамдардың, оның ішінде балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты тұрақты түрде жалғастыратынын мәлімдеді.