Биыл облыста 60 жастан асқан 23 отбасы неке куәлігін алып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Есенбай мен Құлбике Тәшкенбаевтар араға 25 жыл өткен соң заңды некеге тұрған. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, күнделікті қарбалас күндермен АХАТ-қа өтініш беруді кейінге қалдырып келген.
– Осы жылы ғана қарым-қатынасымызды ресми тіркеуге қол жетті. Өтінішті онлайн режимінде бердік. Онлайн түрде өзіміз жасай алмас едік, бізге немерелеріміз көмектесті. Осылайша, енді қазір қолымызда неке қию туралы куәлігіміз бар, – дейді Есенбай Тәшкенбаев.
Ал Құлбике Тәшкенбаева бұған дейін ұялу сезімі болғанын жасырмайды. Бірақ, мұны өмірлік тәжірибесі жеңіп шыққан.
– Тағдыр бізді біріктірді, мен оған өте қуаныштымын. Бұрын мен адамдар осы жаста үйленеді ме деген ойдан ұялатынмын. Бірақ, жинақталған өмірлік тәжірибе мен даналық осындай қадамға саналы түрде баруға мүмкіндік береді, - дейді ол.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облыстық филиалының ресми деректеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірде 3 224 отбасы некесін қидырған. Олардың басым көпшілігі – 25 пен 34 жас аралығындағылар. Сонымен қатар, биыл 60 жастан асқан 23 отбасы заңды некеге тұрыпты. Ал өткен жылы некесін қидырған зейнет жасындағы азаматтардың саны 15 болып отыр.