Осы жылы Қызылорда облысында 193,4 мың гектарға егiс егілген. Ал, өңірдің басты бренді – Сыр салысы 89 мың гектарға себілді.
"Бір ісің кем болса, күрішің де кем болады" деп ерте көктемде дән сепкен сырбойылық диқандар күрішке орақ салуды бастады. Олар жаз бойғы маңдай терінің ақталғанына қуанышты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бүгінгі күні облыс бойынша ерте егілген дәнді дақылдар толығымен жиналып, ысырапсыз қамбаға құйылып отыр. Нақтырақ айтсақ, 4,3 мың гектар күздік бидайдан 7 мың тонна өнім алынса, 4,4 мың гектар жаздық бидайдан 3,2 мың тонна, 365 гектар жаздық арпадан 209 тонна, сұлыдан 7 тонна өнім жиналған.
- Биыл облыс бойынша 193,4 мың гектарға егiс егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар – 99,9 мың гектар, майлы дақылдар – 4,5 мың гектар, мал азықтық дақылдар – 69,2 мың гектар, қант қызылшасы – 5 гектар, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары – 19,8 мың гектар. Негізгі дақыл күрiш 89 мың гектарға себілген. Жалпы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға артық, - деп хабарлады Қызылорда облысының әкімдігі.
Биыл ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қолындағы 4239 техника (1816 трактор, 842 комбайн, 453 жатка, 333 автомашина және 795 трактор тіркемесі) күзгі дала жұмыстарына қатысады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы 1,4 млрд теңгеге 49 техника сатып алды. Егін жинауға 9,1 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп отыр.