Сенбі, 9 ақпан күні таңертең Қызылордадағы А. Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде көпбалалы және жалғыз басты аналарды қабылдау ұйымдастырылды. Әйелдерді мемлекеттік органдардың басшылары қабылдап, тыңдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Ашық есік күніне өңір әкімінің орынбасарлары, Қызылорда қаласының әкімі, облыстық мәслихат хатшысы мен "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, сондай-ақ облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Қабылдау қорытындысы бойынша олардың байланыс ақпараты мен өтініш-ұсыныстары жөнінде мәліметтер базасы құрылатын болады.
"Таңертеңнен бастап азаматтарды қабылдау жүргізілуде, келушілердің басым көпшілігі – көпбалалы және жалғыз басты аналар, бастапқыда түсініспеушілік орын алып, жағдай шиеленіспен басталған болатын. Бірақ біз ортақ шешімге келіп, айқай-шумен мәселе шешілмейтінін айтылып, мән-жайды бірлесіп шешуге келістік. Жиналған тұрғындарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасарлары мен Қызылорда қаласы әкімінің қабылдауында өз талап-тілектерін жазып қалдыру ұсынылды", – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.