Қызылордада апатты үйлер кезегінде 635 отбасы тұр

Қызылорда қаласында тұрғын үйге мұқтаж 26800-ге жуық отбасы бар.    

Қызылордада апатты үйлер кезегінде 635 отбасы тұр Фото: Нұрболат Нұржаубай

Өткен жылы үйі апатты деп танылған 40 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталған, деп жазады inbusiness.kz.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою "Kezekte.kz" сайта арқылы жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамдардың 6 дара тізімі бойынша 26 762 отбасы кезекке тіркелген. Бұл туралы Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек толығырақ айтты.

"Тұрғын үй алу кезегіне апаттық үйлер санаты бойынша 635 отбасы тіркелген. Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтарға 2021 жылы Сол жағалау шағын ауданында салынған көппәтерлі тұрғын үйлерден 93 отбасына, 2022 жылы 60 отбасыға, 2023 жылы 40 отбасыға жаңа пәтер табысталды. Ал биыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан 2007-2008 жылдары кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына арендалық пәтерлер беру жоспарланып отыр. Айта кету керек, ҚР "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңына сәйкес, азаматтарға пәтерлер тек кезек реттілігіне сәйкес беріледі", - деді ол.

Бұған дейін шаһар басшысы арнайы кезек бойынша жыл сайын 100 пәтер беріліп отырса, 5-6 жылдың көлемінде апатты үй мәселесі толық шешілуі мүмкін екенін хабарлағанды.

Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбек тұрғын үй кезегінен шығарылған азаматтар туралы да айтып өтті. Яғни, талапқа сай келмеген 2600-ден астам азамат кезектен алынып тасталған.

"Өткен жылы тұрғын үй кезек реттілігіне түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2681 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Оның бірқатары басқа қалаға мекенжайы ауысуына байланысты болса, бірқатар азаматтың меншігінде тұрғын үй болуына және азаматтың статусының жойылуына байланысты кезектен шығарылды", - деп сөзін жалғастырды бөлім басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу