Бестемше – баланың логикасын дамытуға арналған таптырмас ұлттық ойын. Сондықтан, оны балабақшада ойнатудың маңызы өте зор, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Астана қаласы №5 "Ақбота" балабақшасының меңгерушісі Мөлдір Жолбарысова Қызылорда қаласында өткен "Тамыз кеңесінің" №2 панельдік сессиясында бестемше ойынының балабақша тәрбиеленушілеріне берері мол екенін айтты. Сондай-ақ, ұлттық ойынымыз – бестемше Елорданың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жақсы жолға қойылғанын жеткізді.
Бестемше ойыны – қазақ халқының ақыл-ой ойындарының бірі. Бұл ойынға ұқсас ойындар Қырғызстан, Индонезия, Ява аралдары, Вьетнам, Малазия, Марокко және Түркияда кездеседі. Бұл ойынды 4-6 жастағы балабақша балалары ойнайды. Ойын арқылы баланың сөздік қоры артады, достық қарым-қатынасы қалыптасады. Сонымен қатар, баланың тек денесін ширатып, денсаулығын жақсартып қоймай, бойында стратегиялық және жүйелі ойлау қабілеті қалыптасады, - деді ол.
Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ зияткерлік қауымдастығының атқарушы директоры Біржан Елеусінов бестемше ойынына қызығушылық өңірде де бар екенін айтып отыр.
Бестемше ойыны арқылы бала дербес шешім қабылдай алады. Балабақшада топтық түрде де ойнатуға болады. Жалпы алғанда, бестемше – тоғызқұмалақтың жеңіл түрі. Ал, тоғызқұмалақтың көптеген пайдасы бар. Ең бастысы, зияны жоқ. Сол секілді, бестемше арқылы баланың ойлау жүйесі дамиды, жеңіс пен жеңілісті сезінеді, эмоцияны басқара алады, төзімділікке дағдыланады, саусақпен ұстау арқылы сезімталдық қасиеті оянады, мидың жұмысы жақсарады. Балабақша форматына бестемше секілді ойындар дәл келеді. Осы күні облысымыздағы балабақшалар бестемше ойынына қызығушылық білдіріп келеді. Бұл бізді ерекше қуантып отыр, - деді ол.
Бестемшеге балабақшалар жаппай ден қойса да артық емес. Өйткені, балалар телефонға телмірген мына заманда ақыл-ойды дамытатын, баланың ой-өрісіне әсер ететін ойындардың көбейгені дұрыс.
Біз 2022 жылдың қыркүйек айынан бастап балабақшамыздың ересек тобына бестемше ойынын үйірме ретінде енгіздік. Бестемше – ұлттық әрі зияткерлік ойын. Зияткерлік дейтініміз, балалардың ақыл-ойын, логикасын, ұсақ маторикасын дамытуға көп әсер етті. Бірінші, біз ойында балабақшаға енгізерден бұрын тәрбиешілерімізге үйреттік. Сосын аптасына 2 күнді бестемше ойынына арнадық. Және де сәуір айында "Ата мұрам – асыл қазынам" тақырыбында бестемшеге қатысты семинар өткіздік. Оған аудандағы барлық балабақшадан мамандар қатысты. Семинар барысында бестемшені ата-аналардың қатысуымен де ойнап көрдік. Пайдасы болмаса, зияны жоқ, - дейді Қызылорда облысы, Сырдария ауданындағы №2 "Балдәурен" бөбекжай-балабақшасының әдіскері Аружан Байділдаева.
Қызылордада мұнан бөлек бірнеше балабақша бестемше ойынына қызуғушылық танытып отыр. Кейбірі баламен жұмыс үшін ойынды тереңірек зеттеуді бастаған. Енді бірі бестемше тақтасын тапсырыспен алдырып, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы тәрбиеленушілердің зияткерлік қырын ашып көрмек.