Қызылордада көпбалалы аналарды "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" құрметті белгілерімен салтанатты марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қаладағы 40 батыр анаға елбасының жарлығымен "Алтын алқа" және "Күміс алқа" мемлекеттік төсбелгілерін табыстады.
"Ғалым да, ақын да, батыр да, дана да анадан туады. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен аяулы аналарды құрметтеу – біздің перзенттік парызымыз. Ерлермен иық теңестіріп, батырларға тән ерліктерімен аңызға айналған аналарымыз да аз емес. Сондықтан, батыр ана атанып "барым балам үшін" деген Сіздерді, бүгінгі күннің нағыз батырлары ретінде мақтан етеміз", – деді Шахмардан Байманов.
Әкімдіктің мәліметіне жүгінсек, марапатталғандардың 8-і "Алтын алқа" және 32-сі "Күміс алқа" иеленді. Оның ішіндегі жасы ең үлкені 80 жаста болса, жас батыр ана 32 жаста.