Төрт күн ішінде 1454 өрескел құқықбұзушылық анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ең жиі кездесетін заңбұзушылықтар қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, жолаушыларды тасымалдау ережелерін елемеу (299), жаяу жүргіншілер жолағын пайдаланбау (104), көлік сақтандыру полисінің болмауы (87), рөлде отырып ұялы телефон қолдану (75), техникалық байқаудан өтпеу (69) бар.
Сонымен қатар, рейд барысында 137 көлік айып тұрағына қойылып, 48 көліктің мемлекеттік нөмірі алынып, қозғалысына шектеу қойылды.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қарабұтақ–Қызылорда–Шымкент бағытындағы жолдың екі жолақтылығы мен жүктемесінің артуы көлік жүргізушілерін қауіпті маневр жасауға итермелеуде. Атап айтқанда, қарсы бағытқа шығу, озу кезінде ережені елемеу жиілеген. Осыған орай, Қызылорда–Ақтөбе бағытында дрондар арқылы бақылау күшейтілді. Ұшқышсыз аппараттар көмегімен 50-ге жуық өрескел ереже бұзу фактісі тіркелді.
"Қазір бұл жол учаскесінде күніне 3 мың көлікке арналған трассамен 16 мыңға жуық көлік өтуде. Жүк көліктерінің қозғалысы да тығыз. Осыған байланысты апаттар азаймай отыр", – деді полиция подполковнигі Мұратбек Манатов.
Статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 233 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам көз жұмған, 307 азамат әртүрлі жарақат алған.