Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәнерлеп сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Элизабет Тұрсынбаеваны әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Біз мұз айдыны спорт кешенін салдық және бұл кешенге сыр жастары жаңа спорт түрлерін игеруге қуана-қуана барады. Мен осы орталықтан болашақта еліміздің намысын халықаралық ареналарда қорғайтын дарынды спортшылар шығады деп сенемін. Элизабет, сенің есімің бүкіл әлемге танымал болуына тілектеспін", – деді аймақ басшысы.
Өңірдің спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Элизабет Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, оған 2 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кетсек, кеше Қызылордада Элизабет Тұрсынбаеваның жүлдесіне арналған "Көктем жұлдыздары" республикалық ашық турнирі басталды. Мәнерлеп сырғанаушылардың сайысына елеміздің әр өңірінен 150-ге жуық өрен қатысуда.
Алдағы уақытта "Көктем жұлдыздары" турнирі жыл сайын өткізіледі деп жоспарлануда.