Қызылордадан Иранға күріш тасымалданатын болды

1670

Қызылордадан Иранға күріш тасымалданатын болды

21-23 қазанда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация  жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасында болып қайтты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Делегация Гүлістан провинциясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шуаршылығы саласындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, провинцияның губернаторы Сейид Маноф Хашемимен бірлескен жұмыстарды талқылады. Мұнан бөлек, "Қызылорда облысы мен Гүлістан провинциясы арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыс" тақырыбында бизнес форум болып өтті. Форум аясында нақты жоба бойынша меморандумдарға қол қойылды.

"Елбасының ИИР президенті Руханимен саяси келісімдерінің арқасында осындай аймақтық қарым-қатынастарға негіз қаланған. Болашақта бұл елмен бірге сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға мүмкіндік бар. Өйткені Қазақстанның, Түркменстанның және Иранның бірігіп салған "Жаңаөзен - Қызылқия - Берекет - Этрек - Горган" темір жолы бар. Ақтау теңіз портының мүмкіндіктері де кеңейіп келе жатыр. Сондықтан біз осыны дұрыс пайдаланып, экономикамызға қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отырмыз.  Біз өткен жылы Иран күрішінің сортын 70 гектар жерге егіп, жақсы өнім алдық. Қазір Иран Республикасы жылына 3 миллион тонна күріш экспорттайды. Ал оның бағасы біздің күріштің бағасынан 10 есе қымбат. Сондықтан бұл бізге өте тиімді. Қазір Иранға Қызылордадан күріш жеткізу туралы келісімге келдік, Иран тарапы бізбен жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін көрсетіп, тиісті келісімдерге қол қойылды", - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 

Мұнан басқа делегация Горган қаласының ескі шаҺарын аралап, "Аққала" индустриялық аймағының жұмысымен танысып, Гүлістанда тұратын қазақ диаспорасымен кездесу өткізді. 

Мазандаран провинциясында сырбойылық делегация губернатор Рабие Фаллах Джелоудорының қабылдауында болып, "Гаре Бурун"  кооперативінің бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және уылдырық шығару жұмыстарын көріп, сүт өнімдерін шығаратын "Kale Dairy Company" компаниясының жұмысымен танысты. Мазандаран провинциясында да бизнес-форум ұйымдастырылып, ортақ жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Қараша айында ирандық кәсіпкерлер "Байқоңыр" инвестициялық форумына қатысу үшін және қол қойылған меморандумдар бойынша жұмысты бастауға арнайы Қызылорда облысына келеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу