"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахманованың жаңа мультфильмі жарық көрді, деп хабарлайды 24.kz.
Балаларға арналған қазақ тіліндегі дамытушы анимациялық шығармалар құрастырушы сырбойылық жас көрермендерді қуантты.
Алғашқы көрсетілімі өткен "Сиқырлы кілт" туындысын қосқанда, қызылордалық аниматор жасы отызға толмай жатып, 15 мультфильмнің авторы атанып отыр.
"Сиқырлы кілт" деп аталатын мультфильм Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған. Сыр өңірінің тарихы, географиялық ерекшелігіне бір жарым сағат саяхат жасалатын бейнекөрініс – Сымбат Әбдірахманованың тырнақалды толықметражды анимациялық туындысы. Тарихшы, өлкетанушылармен бірігіп, 6 ай бойы әзірленген шығармада ұлттық қолөнер, салт-дәстүр және тағамдар кеңінен насихатталады.
Мультфильмнің басты кейіпкерлері Ару, Әли мен Мәди аймақты аралап, түрлі кедергілерді жеңіп шығады.