Қызылорда облысындағы "Қамыстыбас" балық тұқымбағы 14 млн 800 мың шабақты өңірдің су айдындарына жіберді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясына сілтеме жасап.
Жаз бойы күтіммен өсірілген балықтар Арал теңізі мен көлдер жүйесінің экоқорын молайтып келеді. Соңғы жылдары "Қамыстыбас" балық тұқымбағының қуаттылығы 5 есе артып, жылына дайындалатын шабақ саны 15 млн-ға жеткен. Бұл тек аймақ бойынша ғана емес, өзге өңірлердің де су айдындарын балықтандыруға жеткілікті. Арал ауданындағы Қосжар мен Тастақ ауылдарындағы иірімді арналар балық қорын көбейтуге қолайлы орын. Сондықтан осы жердегі 224 гектарлық аумаққа теңіздегі тіршіліктің түлеуіне тірек болған 34 су тоғаны шоғырланған. Сол тоғандардан сүзілген балықтар саны мен салмағына дейін өлшеуден өткізіледі. Бүгінде жүз шақты түтін қоныстанған Қосжар елді мекенінің 150-ге жуық тұрғыны қысы-жазы осы тұқымбақта тер төгеді. Шүпірлеген майда шабақты ерекше мәпелейтін мамандар жыл бойғы жұмысының нәтижесін қорытындылайтын сәт туды. 2010 жылдан бері қарай 105 млн-дай бір жаздық шабақ, 5 млн-ға жуық 2 жаздық шабақ су айдындарына жіберіледі. Арал теңізінің тұз татыған суына камбала балығы шыдас беретін. Ал қазір ашық айдыннан су маржанының жиырма шақты түрі ауланады. Теңіздің ихтиофаунасы жақсаруына орай "Қамыстыбас" тұқымбағы енді бекіретұқымдас қаяз және пілмай балықтарын өсіруді қолға алмақ.