Қызылордада "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы ашылды

Ел игілігіне табыстаған жобаның жалпы құны – 20 миллиард теңге. Оның 15 миллиард 700 миллион теңгесі Болат Өтемұратов қорынан бөлінген.  

Қызылордада "Қорқыт ата" әуежайының жаңа терминалы ашылды Фото: Үкімет

Жаңа терминалдың ашылу салтанатына ҚР Премьер-минстрі Олжас Бектенов қатысты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Үкімет басшысы әуе қақпасының маңызына тоқталып, отандық және шетелдік туристерге де мүмкіндік жасалғанын жеткізді. 

– Бүгін бәріміз көптен күткен сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Әуе қақпасы орналасқан жерде жаңа терминал есігін айқара ашып отыр. Бұл – облыс жұртшылығы ғана емес, еліміз үшін де маңызы зор оқиға. Мемлекет басшысының Сыр еліне деген ықыласы ерекше. Осы терминал салынып жатқанда да Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы келіп, барлық талапқа сай болуын тапсырған еді. Көріп отырғанымыздай, 2 жылға жуық уақыт ішінде заманауи үлгідегі, жайлы, көрікті терминал бой көтерді. Құрылыс жұмыстарына атсалысқан азаматтарға Үкіметтің атынан алғысымды айтқым келеді, – деді О.Бектенов. 

Жаңа терминалдың ашылуы әуежай жұмысының 7 есе артуына себеп болмақ. Жылына 2 миллион жолаушыны емін-еркін қарсы алуға да қауқарлы. 

– Ұшақпен сапарлап келген әрбір қонақ алдымен әуежайға табан тірейді. Сондықтан өңірдің бас әуеқақпасының заман талаптарына сай болуы – аса маңызды. Өңірде жаңадан ішкі және халықаралық әуе рейстерінің ашылуына мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде осында келіп-кететін отандық және шетелдік туристердің санын ұлғайтуға жол ашады. Тамыры тереңде жатқан Сыр елі Қорқыт бабадан бастап, жер кіндігі – Байқоңырға дейін туристер қызығатын орындарға толып тұрғанын білеміз. Жаңа терминал әуежайдың өткізу қабілеті жылына 2 миллион жолаушыға дейін, яғни 7 есеге дейін ұлғаюына мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысы терминалдың ашылу салтанатында. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу