Қызылордада коронавирусқа шалдыққан екінші науқас анықталды

3125

Инфекцияға шалдыққан "Сенім" емханасының медбикесі екені белгілі болды.    

Қызылордада коронавирусқа шалдыққан екінші науқас анықталды

Бүгін жылдам өткізілген онлайн брифингте Қызылорда қаласының 22 жастағы тұрғынынан коронавирусты инфекцияға шалдыққаны белгілі болды. Оның аталған вирусты қалай жұқтырғаны жайлы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов айтып берді.

"Инфекция жұқтырудың екінші жағдайы 1997 жылы туылған Қызылорда қаласының "Ақмешіт" шағын ауданы тұрғынынан анықталды. Ол – "Сенім" емханасының медбикесі. Кеше ол анықталған науқасқа ем-шара жасап, бақылағандығын ескеру керек. Науқастың қазіргі жағдай қанағаттанарлық, ыстығы мен жөтелі жоқ, тыныс алу жолдары қалыпты", – деді Жақсылық Абдусаметов.

Қазіргі уақытта науқаспен қарым-қатынаста болған өзге адамдар анықталып жатыр.

"Бүгінде 1А категориясы елдерінен келген 32 адам карантиндік бақылауда. Оның ішінде, 9-ы стационарда, 23-і үй жағдайында. Бұған қоса, 1Б елдерінен келген 94 адам карантиндік бақылауда. Оның 12-і стационарда, 82 үй жағдайында. Сондай-ақ, мамандандырылған 2 эпидбригада ошақтары жұмыс жасауда", – деді Әлия Мүтәліпқызы.

Сонымен қатар, "Қызылорда облысы карантинге жабылады" деген қауесетке орай Әлия Әбдіқайымова шындыққа жанаспайтын атап өтті.

"Дабыл қағып, дүрлігудің қажеті жоқ. "Б" жоспарына көшкен кезде ауру саны 6 және одан көп болған жағдайда қай бағыттарды, қай нысандарды жабу туралы шешім шығаратынымызды нақты айтатын боламыз", – деді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу