Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Титов тұрғын ауданындағы бір бөлігі құлаған жатақхана тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда, аталған жатақхананы бұзу туралы шешім қабылданды. Облыс әкімі Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындар 6 ай мерзімге уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Қаржысы жергілікті бюджеттен беріледі. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрылып, олар әр тұрғынның жағдайын зерттеп, заң шеңберінде баспанамен қамтамасыз етілмек. Аталған мәселе облыс әкімдігінің бақылауында.
Еске сала кетейік, кеше кешке Қызылорда қаласы Титов кентіндегі №16 тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып құлаған еді. Кешкі сағат 22:00-дер шамасында ұйқыларынан шошып оянған 50-ге жуық тұрғынды жергілікті билік өкілдері қауіпсіз аумаққа көшірді. Бұл үшін қоғамдық көліктер тартылып, үлкен сыйымдылықтағы автобустар тасымалмен айналысты. Куәгерлердің айтуынша, үйдің құлауынан зардап шеккендер жоқ.