Бүгінде Сырдан келетін су шаруаларға тұрақты жеткізіліп отыр. Қазір Шардарадан төмен қарай секундына 540 текше метр су жіберілуде. Мамандар күзгі жиын-терімге дейін су тапшылығы болмайтынын айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Шардара су қоймасында 1,6 млрд текше метр су бар. Жоспар бойынша тамыз айының соңына дейін 500-520 текше метр су көлемін сақтай отырып, күріш суын байлағанша біртіндеп азайтатын боламыз. Негізгі дақыл күрішке су жіберудің кестесі аудан әкімдерімен келісе отырып, бір деңгейде шаруашылықтарға жеткізіп жатырмыз",–деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Таңның атысынан кештің батысына дейін бейнет кешкен шаруаларға биыл оңай болып тұрған жоқ. Дән жерге түспей жатып егістік көлемін азайтса да күріштікті суға бастыру кезінде тіршілік нәрінен тарықпаудың қам әрекетін жасауда.
Дегенмен, күріштен бөлек Арал ауданындағы Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелеріне су бару қиынға соғып тұр. Қамыстыбас көлі жағадан 400 метрге дейін алыстап кетті. Енді осы көлдер жүйесін суландыру үшін жергілікті билік Аманөткел ауылының тұсында су торабын салуды республикалық бюджет есебінен көздеп отыр. Бүгінде облыстық бюджеттен жобаның техникалық экономикалық негіздемесін әзірлеу мақсатында 13,8 млн теңге қаржы бөлінді.
"Өңіріміздегі су тапшылығының алдын алу бойынша облыстық бюджеттен 403 миллион теңге қаржы бөлініп, елді мекендерге су қондырғыларын сатып алу және облыс бойынша барлығы 116 шақырым болатын 18 каналға тазарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 43 насос қондырғыларының 33 данасы Жаңақорған ауданынан бастап Арал ауданына дейін жеткізілді", – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Оспанов.
Жалпы облыста 4 су торабы бар. Биыл Қызылорда және Әйтек су торабын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы орындалған.
Нұрбек Дәуренбек