Қызылордада мас күйінде көлік басқарған 49 жастағы қала тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сондай-ақ ол жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
Құқық бұзушылық Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары арқылы анықталды. Мониторинг барысында полицейлер күмәнді түрде қозғалған автокөлікті байқап, ақпаратты жақын маңдағы патрульдік полиция экипажына жеткізген.
Полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, тексеру кезінде жүргізушінің мас күйінде болғанын анықтады. 49 жастағы ер адам полиция бөліміне жеткізілді.
Сот қаулысымен жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция өкілдері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және алкоголь ішкеннен кейін көлік тізгініне отырмауға шақырды.