Қызылордада мемлекеттік бағдарламалар орындалмай отыр

2471

Ауылдық округтердің басым бөлігінен мемлекеттік бағдарламаларға жобалар ұсынылмаған.  

Қызылордада мемлекеттік бағдарламалар орындалмай отыр

Қызылорда қаласында кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы тым баяу. Халыққа түсіндірме жұмысы тыңғылықты жүрмей тұр. Бюджет қаржысын игеруде де шикілік бар. Бұл мәселелерді қала әкімі Ғанибек Қазантаев ашып берді.

"Облыс орталығында 26 358 шағын кәсіпкерлік субектілері тіркелген. Оның ішінен нақты жұмыс жасап тұрғаны 22518 нысан. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,6%-ті көрсетуде. Облыста шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 45,5% Қызылорда қаласының үлесінде", - деді қалалық кәсіпкерлік өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев.

Қызылорда қаласында "Бизнестің жол картасы – 2020", "Қарапайым заттар экономикасы" сынды бағдарламалардың орындалу барысы баяу.  "Ынта болса қай саланында ебін тауып дөңгелетуге болады. Бұған облыс орталығында мүмкіндік мол", деген шахар басшысы кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға ауылдық округтердің басым бөлігінен бір де бір жоба ұсынылмаған айтты. Қазантаев бөлім басшысы мен ауыл әкімдеріне бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.

"Қала деген локомотив ғой, кәсіпкерлікке мүмкіндік мол. Алты айдан бері мемлекеттік бағдарламалар бойынша Талсуат, Қызылөзек, Қарауылтөбе ауылдарынан ешқандай жоба жоқ. Кәсіпкерлігі дамымаған ауылдарға барып мембағдарламалардың шарттарын түсіндіріп, жыл соңына дейін елді-мекендерден жобалар шығарыңыздар. Кәсібін ашқысы келетіндермен жұмысты үйлестіріңіздер. Бір ай мүмкіндік берем, одан кейін нәтиже жоқ болса, ренжімеңіздер", - деді Ғанибек Қазантаев.

Ал қалалық бюджеттің өз кірістері 146%-ке орындалған.

"Жоғарыдан трансферт, субвенция 100% түсті. Қала бюджетінің шығындары 99,8%-ке орындалды. Жоспарда игерілуі тиіс 23 миллиард 642 миллион 300 мың теңге болған. Оның ішінде игерілмеген қаржы 35800000 теңге. Оның игерілмеу себебі Белкөл-2 кентінде ауыз су желілері және Баймұрат батыр елді-мекенінде ауыз су желілері жобалары бойынша техникалық қадағалаушылардың анықталмауына байланысты", - деді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейітмахан Айменов.

Сала басшысының мәлімдемесіне орай қала әкімі енді бюджет қаржысын игермеген бөлім басшылары мен ауыл әкімдерін тәртіптік жауапкершілікке тартатынын жеткізді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу