Нақты қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің 94,7 пайызының жоғары білімі бар. Олардың арасында ғылым докторы, ғылым кандидаттары және "Болашақ" халықаралық бағдарламасының, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы, Сыр өңірінде 357 мемлекеттік орган жұмыс істейтін болса, оның 53-і – облыстық, 158-і – қалалық және аудандық, 146-сы – ауылдық деңгейдегі мемлекеттік орган. Аталған мемлекеттік органдардың штат саны 3318 бірлікті құраса, қазіргі таңда нақты 3223 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Оның 14-і – саяси және 3209-ы – "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы Бақытжан Нұралыдан статистикалық мәліметтерді сұрап көрдік.
"Мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі ерекше. Еліміздегі мемлекеттік бағдарламалар мен реформалардың тиімді жүзеге асуы да мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Осы күні мемлекеттік қызметтегі 1489 нәзікжандының 337-сі түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарды атқарады. Атап айтқанда, 1-еуі – басқарма басшысы, 4-еуі – департамент басшысы, 8-і – басқарма басшысының орынбасары, 7-еуі – департамент басшысының орынбасары, 2-еуі – ауыл әкімі, 10-ы қалалық және аудандық деңгейдегі дербес бөлім басшысы сияқты түрлі санаттағы басшылық лауазымдарды атқарады", - деді ол.
Аймақтағы мемлекеттік қызметшілердің ішінде 29 жасқа дейінгі 322 жас бар. Сонымен қатар, өңіріміздегі мемлекеттік қызметшілердің арасында 21 өзге ұлт өкілі бар екен.
Нақты қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілердің 94,7 пайызының жоғары білімі бар. Сондай-ақ, аймақтағы 6 қызметшінің ғылым кандидаты, 1 қызметшінің ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар. Мемлекеттік қызметшілердің қатарында "Болашақ" халықаралық бағдарламасының – 3, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 19 түлегі болса, екі немесе одан да көп білім иелерінің саны – 758 адам.
Мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 41,4 жасты және мемлекеттік қызметтегі орташа еңбек өтілі 12,3 жылды құрайды.
Жыл басынан бері мемлекеттік органдардан 37 қызметші немесе 1,1% өз өтінішіне сәйкес мемлекеттік қызметтен кеткен.
Жыл басынан бері бос лауазымдарға орналасуға 223 конкурс өткізілді. Оның 95-і – ішкі, 128-і жалпы конкурс екен. Осы өткізілген конкурстардың барлығы қоғамдық байқаушылардың қатысуымен өткен. Қоғамдық байқаушылардың 1,8%-ы – жергілікті мәслихат депутаттары, 5,8%-ы – БАҚ өкілдері, 7,2%-ы – ҮЕҰ өкілдері, 0,7%-ы – саяси партия өкілдері, 17,7%-ы – басқа мемлекеттік органдардың, 58,5%-ы мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өкілдері және 8,3%-ы еліміздің он сегіз жасқа толған азаматтары болып келеді.