Қызылордада неліктен автогаз тапшылығы туындады?

1 шілдеден бастап елімізде сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттағаны белгілі. 

Қызылордада неліктен автогаз тапшылығы туындады? Фото: freepik

"Газ қымбаттайды" дегеннен бастап оның Қызылорда облысында тапшылығы байқалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мұны жауапты министрлік "ресейлік бағаға жақындату үшін жасалды" деп түсіндірді.

— Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, 01.07.2024 жылдан бастап сұйытылған мұнай газ бағасы қымбаттады.

Аймағымызда шекті бөлшек сауда бағасы 1 литрге – 70 теңгені, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан аудандар үшін сауда бағасы 1 литр үшін – 75 теңгені құрайды.

Тұтынушыларға арналған баға 9 пайызға өссе, газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын бағасы 12 пайызға өскенін хабарлаймыз, - деді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы.

Бұл күндері өңірде айтарлықтай газ тапшылығы байқалмайды. Десе де кейбір газ құю бекеттерінде аялдаған көліктердің саны көп. 

— Газ қымбаттайды дегеннен бастап-ақ тапшылық байқалған негізі. Білмеймін, қазір жағдай тұрақталған сияқты. Бір апта алдында кезек көп еді, қазір азайды, - дейді қала тұрғыны. 

Газ тапшылығы болғанын жауаптылар да жоққа шығармайды. Маусым айындағы газ сатылымдағы болған шектеулер бағаның қымбаттауына байланыс емес, облысқа ҚР Энергетика министрлігінің тарапынан газдың аз бөлінуне байланысты көрінеді. Облыстың 1 айдағы қажеттілігі – 8,5-9 мың тонна. Солай бола тұра, министрлік тарапынан маусым айына 7,2 мың тонна ғана газ бөлініпті. Оған қоса жаз мезгілінде газдың тұтынуы өсуі байқалады. 

— Газ құю станциясында сұйытылған мұнай газы таусылған жағдайда қалған ірі газ операторына жүктеме түсті. Газ тасымалдауға арнайы техника мен уақыткерек болғандықтан, газ толтыру станцияларында үзіліс болды. Маусым айының соңында газ тасымалдаушылар тәулік бойы жұмыс істеп, газды облыс бойынша тасымалдады.

Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында болған газ тапшылығына байланысты Жаңақорған ауданын сұйытылған мұнай газбен қамтамасыз етуде қиындықтар туындап, газ тасымалдаушылар күніне бірнеше рейс жасады. Осыған байланысты, автокөлік дәлізімен транзиттік көліктер Жаңақорған ауданындағы барлық газ қорын алмау үшін ауданда 1 көлікке 1500-2000 теңгеге шектеу қойылды, - деп хабарлады жауапты басқарманың баспасөз қызметі. 

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Темірханұлы әлеуметтік сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету және баға мәселесі бойынша күнделікті бақылау және мониторинг жүргізілетіндігін айтып отыр. 

Жалпы, облыс аумағында сұйытылған мұнай газды өткізумен 210 автогаз құю станциясы арқылы 24 оператор жүзеге асырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу