Қаршадай қыз кәсіпке кейбір дүкеннің шұжығы ұнамағандықтан кіріскен. Бағасы да қызылордалықтарға тиімді боп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында орналасқан шұжық цехының иесі – бар болғаны 11-сынып оқитын Назым Ережеп.
Назымның бастамасы кездейсоқ емес. Асүйге бала кезден бейім қыз ерекше ықыласын кәсіпке айналдыруды құп көрген. Ол сиыр, қой және жылқы етінен шұжық, әсіп дайындап, сондай-ақ тауық етін ыстап, нарықтағы көптеген өнімге балама боларлық өз тауарын шығарады.
– Бұрыннан тамақ әзірлеуге қызығатынмын. Дүкендегі кейбір шұжықтың сапасы күмән тудырған соң, өз қолыммен табиғи әрі таза өнімдер дайындайын деп шештім. Біздің шұжықтар арнайы еттен жасалады, ешқандай фарш қолданбаймыз, - деді ол.
Назымның бұл бизнеске ден қоюына ата-анасы да барынша қолдау білдірген. Тіпті, қайтарымсыз грант та жеңіп алған. Алдағы уақытта сүт өнімдері де саудаға шығуы мүмкін. Назымның негізгі мақсаты – аудан тұрғындарына экологиялық таза, дәмді өнімдер ұсыну. Кәспкердің әкесі Алмат Ережепұлы қызының жетістігіне қуанатынын, өз көмегін аямайтынын айтты.
– Қызым кішкентайынан тәттілер пісіріп, оларды сата бастады. Уақыт өте келе, оның қызығушылығы ет өнімдеріне ауысты. Қазір Назымның өнімдері аудан тұрғындарының көңілінен шығып жатыр. Әрбір шұжық тек табиғи ингредиенттерден жасалады. Біз сапаға қатты мән береміз, бұл – біздің отбасылық кәсіптің басты ұстанымы, - дейді ол.
Өнімдердің бағасы да қолжетімді. Шұжықтардың келісі 6000-6500 теңге шамасында болса, тауық етінен жасалған "сосискалар" – 4500 теңге, сиыр етінен жасалғандары 5000 теңге тұрады. Ысталған тауық – 3000 теңге, қойдың құйрық майы – 4000 теңге. Сонымен қатар, дәстүрлі қазақ тағамы әсіптің келісі 3800 теңгеден сатылуда.