Соның негізінде өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді жоспарлап отыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов мәлімдеді.
Негізінен Кәсіпкерлер палатасының басшысы биыл өнімдерді өңдеуге арналған жобаларды сүйемелдеуді қолға алып жатқанын жеткізді. Жыл соңына дейін әр ауданнан ең кемі бір жобадан шығаруды жоспарлап отыр.
"Жалпы өңірден нақты қандай өнімдер өндіріліп жатқаны жөнінде арнайы жинақ не платформа жоқ. Әріптестермен ақылдаса келе биыл Қызылордада шығатын өнімдердің жинағын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Былтыр "Қазақстанның үздік тауары" өңірлік көрме-байқауына 60-қа жуық жергілікті тауар өндіруші қатысты. Осы кәсіпкерлердің ақпараттары бар. Биыл бұл тізімді толықтырамыз", – деді Пірмұхаммед Сыздықов.
Өткен жылы кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері екі жарым мыңнан астам азаматқа 8 мыңның үстінде кеңес беріп, тоғыз жүзге жуық кәсіпкерге 949 сервистік қызмет көрсетті. Сондай-ақ палата мыңнан аса кәсіпкердің құқығын қорғап, бір млрд теңгеге жуық ақшасын сақтап қалды.