Орталық Азия өкілдері суды мемлекеттер арасында үлестіру мәселесін талқылады

1105

Орталық Азия өкілдері суды мемлекеттер арасында үлестіру мәселесін талқылады

Қызылордада Орталық Азия өкілдері су ресурстарын пайдалану мәселелерін талқылады, деп хабарлайды egemen.kz.

Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының  73-ші отырысында су ресурстарын пайдалану және қорғау мәселелері талқыланды. 3-4 мамыр күндері өтетін іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан елдерінің салалық министрлік өкілдері қатысуда.

Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясы 1992 жылда Орталық Азия елдерінің Арал теңізі бассейніндегі су шаруашылығы мәселелері бойынша шешім қабылдау алаңы ретінде құрылды.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов атап өткендей, биыл болжам бойынша ағын су аз болады, сондықтан су ресурстарын мемлекеттер арасында үлестіру мәселесі өте маңызды, әсіресе Сырдария өзенінің төменгі ағымында орналасқан Қызылорда облысы үшін өзекті болмақ.

Комиссия отырысында қатысушылар 2017-2018 жж Сырдария мен Әмудария бассейндеріндегі вегетацияаралық кезең қорытындысын талқылап, 2018 ж вегетациялық кезеңде су алу лимиттері мен су қоймаларының жұмыс кестесін бекітті, сондай-ақ, "Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын кешенді басқару пайдалану және қорғауына  ақпараттық-талдау қамтамасыз ету және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру жөнінде" келісім жобасы бекітілді. 

Түстен кейін отырыс қатысушылары Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы комиссия жұмысының көрші мемлекеттер арасында су шаруашылығы мәселелерін реттеудегі маңыздылығын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Халықаралық Арал теңізін құтқару қорының құрылғанына 25 жыл болды. 1993 ж 25 наурыз күні мемлекет басшыларының Қызылорда қаласында өткен саммитінде қорды құру жөнінде шешім қабылданды.

Жалпы алғанда, Орталық Азия елдерінің су ресурстарын бірлесе басқару жөніндегі әріптестігіне биыл тура 100 жыл болмақ, өйткені 17 маусым күні "Түркводхоз" - бұрын құрамында комиссия мүшелері болған Түркістан республикасының су шаруашылығы басқармасының құрылуына 100 жыл болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу