Осы уақыт аралығында тілсіз жаудан 6 адам тіл тартпай кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асхат Оразбеков өрт жағдайы көбіне тұрғындардың қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарауынан екенін айтады. Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылы басталғандықтан, білім беру ұйымдарындағы өрт жағдайлары туралы кеңінен айтып берді.
- Қызылорда облысының аумағында сегіз айдың қорытындысы бойынша 328 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Материалдық шығын 309 825 300 теңге болды. Өрт оқиғасынан 6 адам қаза болды, балалардың қаза болу фактісі жоқ. Жарақат алғандар саны да – 6 адам. Өрт жағдайының көбі тұрғындардың қауіпсіздік шараларына салғырттығынан болып отыр.
Негізінен өрт оқиғаларының 24-і түрлі саладағы объектіге қатысты. Оның 2-еуі – білім беру ұйымы ғимараты, - деді ол.
Жалпы, Төтенше жағдайлар департаментінде 996 білім беру ұйымының объектісі есепте тұр. I жартыжылдыққа арналған профилактикалық бақылау және қадағалау кестесіне сәйкес, 195 объектіге өрт қауіпсіздігі саласында тексеру жұмысы жүргізілген. Соның нәтижесінде 1709 бұзушылық анықталып, оны уақытылы жою туралы ұйғарым берілген.
Білім беру объектілеріндегі өртке қатысты өзекті мәселенің бірі – бу қазандығының оқыту ғимарттарының ішінде немесе жапсарлас орналасауы. Облыс бойынша мұндай 12 объекті бар көрінеді. Сала мамандары жыл басынан бері білім беру ұйымдарында интерактивтік және ашық сабақ ұйымдастырылатынын, жасөспірім-балаларға өрт кезіндегі алғашқы іс-әрекет туралы түсіндіру мақсатында арнайы дәріс оқылатынын айтады.