Қызылордада пиязды шіріткені үшін жауаптыларға ескерту жасалды

Облыс әкімінің қатысуымен өткен жиында пияз 35 теңгеден сатылатын болды.    

Қызылордада пиязды шіріткені үшін жауаптыларға ескерту жасалды Фото: gov.kz

Өткен жылы Қызылорда облысында қоймадағы 120 тонна көкөніс жарамсыз қалып, қоқысқа төгілген еді.

Өкініштісі сол, биыл да сол жағдай қайталана жаздаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қаралды. Әкім өз кезегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің халыққа арзан бағамен ұсынылып, уақытылы сатылуы керегін қатаң ескертті.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Азық-түлік өнімдерін өндіруде, өткізуде бағаны ашық белгілеуді, өнімсіз делдалдармен күресуді атап өтті.

Осы орайда, Үкімет барлық өңірлердің халық санын ескеріп, маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің нақты көлемін бекітті. Біздің өңірдің тұрақтандыру қорына 5 мың тоннаға жуық өнім көлемі белгіленіп, сатып алынды. Бұл халықтың қысқы-көктемгі қажеттілігін қамтамасыз етуге есептелген. Алайда бүгінгі күнге небәрі 8 пайызы ғана өткізілген, сатылғаны – 384 тонна", - деді әкім.

Жыл басында қоймадағы көкөністерді тұтынушыларға арзан бағамен сату тапсырған болатын. Өйткені, қордағы көкөністер көктем жақындағанда бұзыла бастайды. Осының алдын алу үшін ертерек әрекет етіп, тезірек қимылдау керектігін аймақ басшысы алдын ала ескерткен.

Мысалы, базардағы пияз бағасы 80-120 теңге аралығында болса, оны "Байқоңыр" ӘКК арқылы барлық аудандар мен қалада 30-35 теңгеден сату міндеттелген. Алайда бірде-бір аудан әкімі бұл тапсырманы орындамай отыр. Сондықтан, Қызылорда облысының әкімі "Байқоңыр" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы Ғизат Әбілтайға, барлық жауапты басшыларға, қала, аудан әкімдеріне қатаң ескерту жасады.

"Ел үшін алынған тауар жұртшылықтың тұтынуы үшін сатылуы керек. Осы жұмысты сіздерге 10 күн бұрын тапсырдым. Әлеуметтік желілерде тарату туралы да айттым. 4-5 күн бұрын қала, аудан әкімдеріне тағы тапсырдым. Іске жауапкершілікпен қарап, қолда бар мүмкіндікті пайдаланбаған соң, бүкіл еңбек зая кетуде. Біздің негізі мақсатымыз – халыққа азық-түлікті тиімді бағада ұсыну. Тұрғындардың жағдайы, олар тұтынатын азық-түліктің жеткілікті көлемде, қолжетімді бағада болуы – бірінші орындағы мәселе. Сондықтан алдағы уақытта да көкөніс өнімдері қолайлы бағада ұсынылатын болады", - деп сөзін жалғастырды аймақ басшысы.

Айта кетейік, өткен жылы қоймадағы көкөністі жарамсыз күйге түскенге дейін сақтаған "Байқоңыр" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы" акционерлік қоғамының басшысы жұмыстан босатылған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу