Былтыр қызылордалық тәртіп сақшылары сексеуіл саудасына қатысты 50-ге жуық іс қозғаған, деп хабарлайды 24.kz.
Сондай-ақ табиғат қорғаушылары мемлекеттік орман қорына зиян келтірген 40 шақты деректі анықтады. Арнайы ұйымдастырылған рейд барысында сексеуілдің кафе, дүңгіршек, жеке сауда орындарында жасырын саудаланатыны белгілі болды. Қара базарда 5-6 сексеуіл сүрегі салынған әр қаптың құны 500 теңге шамасында.
Орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға ден қоюда. 1990 жылдардың басында 54 мың гектар жерге сексеуіл егу басталған. Қаржы тапшылығынан ол іс аяқсыз қалып, тек 2002 жылы қайта жалғасты. 2008-2014 жылдар аралығында Қазақстан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жобасы қолға алынды. Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен 57 мың гектар аумаққа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10 700 гектар жерге сексеуіл екті.
Еске сала кетейік, сексеуілді сатқандарға 200-ден 300 айлық есептік көрсеткіш шамасында айыппұл салынып, 75 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.