Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газын өңдеуге қатысты үшжақты меморандумға қол қойылды

224

Сұйытылған мұнай газын өңдеу қондырғысының жылдық қуаты кезең-кезеңмен артады.

Қызылорда облысында сұйытылған мұнай газын өңдеуге қатысты үшжақты меморандумға қол қойылды Фото: ©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қызылорда облысының әкімдігі, Энергетика министрлігі мен "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы сұйытылған мұнай газын өңдеу қондырғысының жылдық қуаттылығын 2025 жылдан бастап алдағы 10 жыл ішінде 120 мың тоннаға дейін арттыруға бағытталған  үшжақты меморандумға қол қойды. Бұл туралы облыстың баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Қызылорда қаласында "Оңтүстік Торғай, Шу Сарысу бассейндері көмірсутектерінің ресурстық базасын дамыту және кен орындарының мұнай деңгейін арттыру перспективасы" тақырыбында ІІ Қазақстан CNPC техникалық семинары басталды. Жиынға "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов,  Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген, қытайлық "CNPC" компаниясының вице-президенті Чжан Даовэй қатысты.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында мұнай компанияларының алатын үлесіне тоқталды.

Қазіргі таңда игерілген кен орындарының дені өндірістің соңғы сатысына шыққан. Қолданыстағы мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуына байланысты 2013 жылдан бері мұнай өндіру көлемі шамамен 65%-ға қысқарды. Сондықтан да өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты. 

Саланың дамуы отандық мұнай-сервистік компаниялардың дамуына жол ашып отыр. Компаниялар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете сезініп отыр деуге келеді. Олар аймақтың экономикалық ахуалын жақсартуға үлес қосып отыр. 

Бүгінде аймақта қалыптасқан мұнай-сервистік белдеуде жергілікті тұрғындар еңбек етіп, табыс тауып отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, салада 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Қызылорда өңірінің өнеркәсіп өндірісінде мұнай-газ саласының үлесі шамамен 50 пайызды алады.

Осы жылдан бастап өңір өңдеу саласындағы өсу қарқыны бойынша республикада бірінші орынға шықты. Осыған дейін облыс 2022 жылы 11-орында болатын. Жалпы Сыр өңірі экономиканың көптеген саласында жетекші орынды иеленген. Мәселен, инвестиция тарту, құрылыс салу, сауда айналымы, көлік қызметі, ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында бүгінде облыс экономикалық даму қарқыны бойынша аймақтар арасында көшбасшы атанды.

Айта кететіні, өңірдегі мұнай компаниялары аймақтағы бірқатар әлеуметтік  мәселелер мен жобаларды шешуге қолдау көрсетіп келеді. Соңғы 10 жылда мұнай компаниялары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына 17 млрд теңгеге жуық қаражат құйды. Облыстағы ең ірі кен орындары қатарына Ақшабұлақ, Құмкөл, Қоныс және Солтүстік-Батыс Қызылқия кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу